Астана студенттері арасында ашық деректер негізінде жасалған қосымшаға байқау өткізілмек
- 21.11.2016
- Санат: Көлік
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен «Astana Business Campus» инновациялық кластері бірігіп data.egov.kz порталының ашық деректері негізінде «Open Аpps» қосымшасы мен сервистеріне байқау жариялайды. Байқау Астана қаласының студенттері арасында өтеді.
Байқау шеңберінде «Astana Business Campus» ғылыми паркі жарыс қатысушыларына «Ашық деректер» порталы көрсетіліп шеберлік сағаттары өтеді. Студенттердің мұнда алған білімдері сұранысы жоғары әрі сапалы өнім жасауда көмек болатыны сөзсіз. Байқауға қатысушылар «ҰАТ» АҚ мамандарынан консультация алып, кездесу барысында туындаған сұрақтарына жауап ала алады.
Байқаудың талабы бойынша iOS, Android, Windows Phone мобильдік платформалары үшін data.gov.kz порталында (API арқылы) орналасқан ашық деректерді пайдалана отырып, қосымша жасап шығару қажет. Мобильдік қосымшаның орнына веб-қосымшалар (веб-сервистер, телеграм-бот және т.б.) да байқауға қабылданады.
Мобильдік қосымшаны жасау барысында data.egov.kz порталының деректерін пайдалану басты талаптардың бірі саналады. Сонымен қатар, IT-өнім пайдалы және әлеуметтік тұрғыдан маңызды болу керек. Байқауға қатысушылар басқа API мен сервистерді пайдалануларына болады. Жаңашыл дизайн мен көптілділік айрықша қабылданады. Авторлық құқық қосымшаны жасаушының өзінде сақталатынын ескертеміз.
Ең үздік қосымша мен сервисті жасап шығарған студент ультрабук-трансформермен марапатталады.
Байқауға қатысуға тіркелу мерзімі 2016 жылдың 8-ші желтоқсанына дейін, ал жұмыстар 2017 жылдың 25-ші желтоқсанына дейін қабылданады. Байқаудың қорытындылары 30-шы қаңтарда жарияланады.
Байқауға қатысуға тіркелу үшін төменде көрсетілген сілтемедегі нысанды толтыру қажет: https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLScZ032KCVMv3PKaOU3vO4578wewx-1pUmn-JF7p2AkYpL16IA/viewform.